«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

15 тамыз – Археологтар күніне орай Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және есепке алу» бөлімінің ұйымдастыруымен «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде «Археология: өткен мен бүгіннің көпірі» атты танымдық іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – археология ғылымының маңызын насихаттау, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен сақтаудың мәнін түсіндіру және археолог мамандығының қоғамдағы рөлін кеңінен таныту.

Шара барысында Шымкент қаласы аумағындағы археологиялық ескерткіштердің қазіргі жай-күйі туралы ақпарат беріліп, археология саласындағы «ең, ең, ең» қызықты деректер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Шымкенттегі археология ғылымының дамуына үлес қосып жүрген белгілі және жас ғалымдар мен мамандармен жүргізілген сұхбаттар негізінде әзірленген бейнематериалдар мен шағын деректі фильмдер көрсетілді.

Танымдық шараның жалғасында қатысушылар төрт топқа бөлініп, тақырыптық ойындар, сұрақ-жауап форматындағы блиц-сайыс және тарихи суреттерден пазл құрастыру секілді түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша жинаған ұпайларына сәйкес жеңімпаз топ анықталды.

Белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Сондай-ақ, Шымкент қалалық музейлер бірлестігінде археолог маман ретінде еңбек етіп жүрген Ж. Сүлейменова мен А. Әкенге тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау бағытындағы еңбектері үшін бірлестік басшылығы атынан алғыс хаттар табысталды.

Археология – өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, тарихи жадымызды болашақ ұрпаққа аманат ететін маңызды ғылым саласы.