«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

2026 жылғы 28 тамызда «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Сапар» орталығында «Музей археологиясының қазіргі жетістіктері және болашақ даму мүмкіндіктері: консервация, цифрландыру, экспозициялау және қоғаммен өзара байланыс салаларындағы инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Қазақстанмен қатар Қытай, Түркия, Ресей және Өзбекстаннан ғалымдар мен зерттеушілер, археологтар, музей саласының мамандары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ұлттық, республикалық және өңірлік музей қызметкерлері онлайн және офлайн форматта қатысты.

Ғылыми жиын барысында Орталық Қазақстанның археологиялық экспедициясы өкілдері, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының мамандары, археологтар, тарих ғылымдарының PhD докторлары Убайдулла Исмоилов пен Ахроржон Абдуганиев, сондай-ақ Ресей Федерациясынан келген тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері Александр Сергеевич Зеленков ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Сонымен қатар конференция жұмысына «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының археологы, ғалым Марат Тұяқбаев және Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Археология бөлімінің басшысы Айсұлу Асқарқызы Ержігітова қатысып, ғылыми зерттеулері мен кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шараға «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК қызметкерлері және оның құрамындағы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, «Сайрам музейі», «Хакім Абай» музейі, сондай-ақ «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің мамандары қатысты.

Конференцияның негізгі мақсаты – археологиялық мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау саласындағы заманауи ғылыми жетістіктер мен озық тәжірибелерді талқылау, сондай-ақ консервация, цифрландыру, музейлендіру, экспозициялау және қоғаммен байланыс бағыттарындағы инновациялық технологияларды қарастыру.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция археологиялық және музейлік мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи тәсілдерін талқылауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға маңызды алаң болды.