«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

2026 жылғы 30 маусымда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Талапты ауылындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Сапар орталығында» Шымкент қалалық музейлер бірлестігі мен Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен ұйымдастыруымен «Оңтүстік өңірі – құндылықтар мекені» атты археологиялық-этнографиялық көшпелі көрме өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихын, өңірдің бай археологиялық және этнографиялық мұрасын кеңінен таныстыру, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау және өңіраралық мәдени ынтымақтастықты нығайту.

Экспозицияда Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Шымкенттің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлермен қатар, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен қолөнерін айшықтайтын этнографиялық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараға Отырар ауданының тұрғындары, музей қызметкерлері, өлкетанушылар, жастар және қонақтар қатысып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Аталған көшпелі көрме тарихи мұраны дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және музейлер арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды мәдени жоба болып табылады