18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай Шымкент қаласында кең көлемді мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Тағылымы мол мерекелік бағдарламалар Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы музейлерде бір мезгілде өтті.
Мерекелік іс-шаралар таңғы сағат 10:00-де басталып, түнгі 00:00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, «Хакім Абай» музейі, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, Ерлік музейі және Сайрам музейлері қала тұрғындары мен қонақтарына арналған арнайы бағдарламалар ұсынды.
Келушілер «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағындағы театрландырылған қойылымдарды тамашалап, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін аралады. Сонымен қатар, ұлттық өнерді дәріптеген шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қонақтарға көне дәстүрлер мен мәдени мұра кеңінен таныстырылды.
Мерекенің ең ерекше бөлімдерінің бірі - «Жұлдызды гид» жобасы мен шам жарығымен өткен экскурсия болды. Келушілер тарихи кешеннің тылсым сырларымен танысып, өткен дәуірлердің рухын сезінуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, іс-шара Ә. Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжімен бірлескен шығармашылық әріптестік аясында ұйымдастырылып, жас суретшілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Мәдени шара барысында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағында өткен «Музей - тарих қойнауындағы қазына» атты ауқымды гала-концертпен қорытындыланды.



