«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-да арнайы іссапармен тарих ғылымдарының кандидаты, нумизмат-ғалым П.Н. Петров болды.
Іссапар аясында бірлестік басшылығы ғалыммен кездесіп, музей қорында сақталған монеталар кешенін ғылыми тұрғыдан зерттеу және осы бағытта өзара қолдау көрсету жөнінде келісімге келді.
Тарих және археология ғылымдарында нумизматика саласының алатын орны ерекше. Монеталар – белгілі бір тарихи кезеңнің экономикалық, саяси және мәдени байланыстары туралы құнды дерек беретін маңызды археологиялық әрі тарихи жәдігерлер. Нумизмат мамандардың зерттеуі арқылы ғасырлар қойнауында сақталған көптеген деректер ғылыми айналымға енгізіледі.
Қазіргі таңда елімізде нумизматика саласының кәсіби мамандарына деген қажеттілік жоғары. Ал ТМД кеңістігінде, соның ішінде Орталық Азия нумизматикасының дамуына П.Н. Петровтың ғылыми еңбектері мен зерттеулері елеулі үлес қосып келеді.
Іссапар барысында П.Н. Петров «Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің» музей қорында сақталған монеталар кешенімен танысып, осы уақытқа дейін толық ғылыми зерттеуден өтпеген теңгелерге ерекше назар аударды.
Алдағы уақытта аталған монеталар кешені жан-жақты зерттеліп, олардың мерзімдемесі нақтыланып, ғылыми айналымға енгізіледі. Зерттеу нәтижелері негізінде құнды жәдігерлер музей экспозициялары мен ғылыми-көпшілік жобалар арқылы көпшілік назарына ұсынылмақ.
Айта кетсек, қазіргі таңда «Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің» музей қорларында 500-ден астам монета мен монеталар кешені сақталған.
Олардың хронологиялық ауқымы еліміздің тарихында маңызды орын алатын VII–VIII ғасырлардағы Түркі және Түргеш дәуірлерінен бастап, XIX ғасырдағы Қоқан хандығы мен Ресей империясы кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар бұл жәдігерлер Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-экономикалық байланыстар арқылы Қытай, Иран, Орталық Азия және Еуропа елдерінің тарихымен сабақтасып жатыр.
Монеталарды ғылыми зерттеу – Шымкенттің ғана емес, жалпы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек танып, жаңа ғылыми деректермен толықтыруға мүмкіндік береді.



