«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі» бөлімі 2001 жылы 2 қарашасында ҚР тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қатысуымен ашылған. Музей ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, мемлекетіміз бен қоғамымызда әділеттілікті қалпына келтіру жолында, өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз құрбан болғандарды мәңгі есте сақтау, өскелең ұрпақтың санасына тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» себептерін жеткізу мақсатында ашылған.

Қуғын-сүргін, яғни, «Репрессия» түсінігінің түп-төркіні мемлекеттік органдарының өз халқына жүргізген қуғындауын, жазалауын, басып – жаншуын білдіретін, латын тіліндегі «repressio» сөзінен шыққан.

Музейдің тақырыпқа сай жасалуына, негізгі идеясын жүзеге асуына ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері суретші Аманжол Найманбай көп еңбек сіңірді. Музейдің ішкі, сыртқы дизайны қаралы кезеңнің бет-бейнесін сипаттайтындай етіп жасалған.

1) Халықтың басына түскен қаралы кезеңі – қара түспен.

2) Сталинизмнің қолшоқпары болған: ГПУ, НКВД қызметкерлерінің сұр түсті формасына орай сұрқай кезең – сұр түспен.

3) Жазықсыз қуғын-сүргіннен құрбан болған миллиондаған адамдардың қаны – қоңыр қызыл түспен берілген.

Музей үш залдан тұрады:

  1. Экспозиялық зал
  2. «Тағзым» зал
  3. Кино зал

Экспозиция 12 бөлімнен тұрады, олар:

  • «Алаш» партиясы;
  • «Ашаршылық»;
  • «Созақ көтерілісі»;
  • «Адай көтерілісі»;
  • Еңбекпен түзету лагерьлері орналасқан ҚР картасы;
  • «Оңтүстік Қазақстан бойынша жазықсыз жазаланғандар»;
  • «Азаптау бөлмесі» немесе «Сұрақ – жауап камерасы»;
  • «Карлаг» еңбекпен түзету лагері;
  • «Алжир» еңбекпен түзету лагері;
  • «Тоталитарлық режим»;
  • «Депортация»;
  • «Желтоқсан 1986».

Музей экспозициясының негізгі түп қазығы – «Репрессия» атты синтездік композициялық ескерткіші болып табылады. Бұл ескерткіштегі адамдардың бет-бейнесі, жан қиналысы арқылы біздің еліміздегі Кеңестік жүйенің еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі ұрпақ басынан кешірген тоталитаризмнің азапты кезеңінің көрінісі.

Экспозицияда орталық бөлігінде лайтбокстар орналасқан. Лайтбокстарда Алашорда үкіметінің, Түркістан автономиясының негізін салушылар - Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбаев, сондай-ақ, кеңестік Қазақстанда басшылық қызмет етіп, халқының қалаулысы болған мемлекет және қоғам қайраткерлері: Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, НәзірТөреқұлов, Смағұл Садуақасов, Сейітқали Меңдешов, Темірбек Жүргенов, Ораз Жандосов; қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары: С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б. Майлин, Қ. Жұбановтың портреттік суреттері, өмірбаяндары мен еңбек жолдары жайлы ақпарат берілген.

Бастапқыда музей қоры 2500-ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16660 экспонат жинақталды. Музей қорын толықтыру мақсатында аудандық, қалалық, облыстық архив, музейлермен байланысып, жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, музей саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыста. Музей жоғары оқу орындарының ғалымдарымен, тарихшыларымен, Алаштанушыларымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізеді және аталған ЖОО студенттерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар өткізеді. Алаш қайраткерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының мерейтойларын атап өту мақсатында іс-шаралар, лекциялар, көрмелер, дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіліп тұрады. Іс-шаралар республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өткізіліп, оларды насихаттау мақсатында БАҚ-мен тығыз байланыс жасайды.

Музейдегі өткізілетін іс-шаралар, онлайн бейнелекциялар, тарихи деректер және сол сияқты көптеген ақпараттар музейдің әлеуметтік желідегі парақшаларында ресми сайтында (www.repressia.kz) тұрақты жарияланып отырады. Қазіргі уақытта музей әлеуметтік желіні пайдалана отырып «Ұрпақтар еске алады», «Музей мұрағатынан», «Алаштың асыл арыстары», «Алаш айтқан асыл сөз», «Жарқын естеліктер», «Дүниеге келер бір рет», «Алаштың ардақты аналары» атты жобалар мен айдарлар жүзеге асырылуда. 

Instagram: kuginsurgin_muzei

Fecebook:Саяси қуғын –сүргін құрбандары музейі

TikTok: repressia.kz2001

Почта: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс., Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Жұмыс уақыты:

Дүйсенбі – жұма 09:00-18:00

Сенбі – 09:00-13:00

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы,

Қайрат Рысқұлбеков көшесі 14 А,

Байланыс тел.: +7 (7252) 21-01-40

Бөлім меңгерушісі 

Әбдіқали Біржан Әбдіманатұлы