Іс-шараның басты мақсаты - экскурсоводтардың кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және музей жәдігерлерін жаңа форматта таныту.
Байқауға Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты бес музейдің экскурсия жетекшілері қатысты. Қатысушылар «Таныстыру» (видео-презентация), «Тұлға/жәдігер сөйлейді», «Тақырыптық импровизация», «Экскурсиялық квест» атты төрт айналым бойынша бақ сынасты.
Бас жүлдені «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» бөлімінің экскурсия жетекшісі Дали Дариға иеленді. Екінші орынды «Шым қала» тарихи-мәдени кешені бөлімінің экскурсия жетекшісі Смайлова Айдана, ал үшінші орынды осы бөлімнің экскурсия жетекшісі Биболатқызы Перизат жеңіп алды.
Іс-шараға Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау» бөлімінің бас маманы Аманжол Нұрхан Затыбекұлы және «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК директорының міндетін уақытша атқарушысы Асқарова Мария Келесқызы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.
Байқауда қазылар алқасы құрамында шет тіліндегі гид-экскурсовод, тарихшы Каланов Ислам Муртазаевич, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының кеңесші-маманы Бекмуратова Гульнара Кенжетаевна және журналист, гид-экскурсовод, тарихшы Привалов Владимир Юрьевич болып, қорытынды шешім бойынша үздіктер анықталды.
Сондай-ақ, байқауға «Ontustik» телеарнасы арнайы қатысып, ақпараттық қолдау көрсетті.



