«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағындағы Шұбарсу мекенжұрты төбесінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің Тарихи - мәдени мұраны қорғау және есепке алу бөлімінің қызметкерлері қазба басында болып, археолог мамандармен пікір алысты, тәжірибесіне назар аударды.

Бұл Шұбарсу мекенжұрты археология ескерткіші 2024 жылы «Шымкент қаласы Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» топтамасын шығару мақсатында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында табылған болатын. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, бұл ескерткіш б.з. І–ІV ғасырларына жатады. Қазба кезінде көптеген бояусыз керамика бұйымдарының сынықтары табылған. Олардың ішінде бойлық оймасы бар, икемді тік тұтқасы орнатылған профильді құмыра ернеулерінің фрагменттері кездескен. Бұл бұйымдар қара - қоңыр реңкті ангоб тамшыларымен безендірілген.

Қазба нысаны екі бөліктен тұрады. Бірінші нысанның топографиясында диаметрі 40 м, биіктігі 4,5 м болатын дөңгелек төбе анықталған, ал екінші нысан өзен жағасында орналасқан тұрғын жайлар кейпінде көрінеді. Дөңгелек төбенің топырақ жабындысын аршу кезінде сыртқы пішіні қам кірпіштен қаланған дөңгелек құрылым анықталған. Экспедиция жетекшісі А. Грищенконың айтуынша, бұл көне құрылым зороастр дінінің діни жоралғыларын атқаруға арналған үлкен мұнара болуы мүмкін. Әзірге нақты ғылыми тұжырым жасалмаса да, мамандардың алдын ала болжамына сәйкес, бұл құрылым — зороастризмнің Дахма мұнарасы (немесе «Тыныштық мұнарасы») болуы ықтимал. Бұған дейін мұндай көне құрылым Қазақстан аумағынан табылмаған, оның ғылыми құндылығы да осы ерекшелігінде.

Әдетте мұндай мұнаралық құрылымдар Түркіменстан, Иран, Өзбекстан және Үндістан аумақтарынан табылғаны белгілі. Ал енді қазақ жерінен осындай тарихи жәдігердің табылуы — ел тарихына тың дерек қосары сөзсіз.

Қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақытта толық ғылыми қорытынды жасалып, бұл ескерткіштің нақты қызметі анықталатын болады.