«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Хакім Абай» музейінде Алматы облысы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тарих пен сөз үндестігі» атты жылжымалы көрме ашылып, қатысушыларға арнайы экскурсия өткізілді. Іс-шара барысында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М. Оңдасынова мен Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Т. Келімбетов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің салтанатты ашылу рәсімін жасады. Көрме Шымкент қаласы мен Алматы облысының мәдени байланысын нығайту, музей ісін дамыту және шығармашылық ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Экспозицияда қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер қойылды. Атап айтқанда, Сүйінбай Аронұлы мен Үмбетәлі Кәрібаев сынды туғанына 200 жыл толған ақындарымыздың өмірінен сыр шертетін естелік бұйымдар, сондай-ақ Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке заттары мен сырт киімдері көрермен назарына ұсынылды. Көрмедегі ең ерекше экспозициялардың бірі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жеке заттары, қолжазбалары, аудармалары және ақынның өзі киген киімдері болды. Бұл жәдігерлер келушілердің ерекше қызығушылығынтудырды.

Көрменің негізгі мақсаты – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап келген рухани және мәдени құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойында ұлттық мұраға деген құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ музей қорындағы бай экспонаттар арқылы ақындар әлемін жаңа қырынан таныстыру болып табылады.